201828.02
0

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ СОТТА ҚАРАУ КЕЗІНДЕ ТУЫНДАЙТЫН МӘСЕЛЕЛЕР

            ҚР ҚПК-нің 24 бабына сәйкес, сот прокурор, тергеуші, анықтаушы істі дұрыс  шешуге қажетті және  жеткілікті мән-жайларды  жан-жақты толық және объективті зертеу үшін заңда кезделген барлық шараларды қолдануға міндетті.

            Ал осы кодекстің 26 бабына сәйкес,  қылмыстық  процесті жүргізетін орган күдіктіге, айыпталушыға олардың құқықтарын түсіндіруге және олардың күдіктен, айыптаудан заңда тыйым салынбаған барлық  құралдармен қорғану мүмкіндігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке бас құқықтары мен мүліктік құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға міндетті.

            Айыпталушының,  сотталушының өзін-өзі қорғау үшін ең қажетті жағдай, ол оның өзінің жетік білетін тілінде өз ойын, көрген, білгенін  тергеушіге, сотқа түсіндіріп беру мүмкіншілігі.

            1991 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстанға 1-млннан астам этникалық қазақтар көшіп келді. Олардың 90 пайызы орыс тілін  толық білмейтін адамдар. Елімізде соңғы кезде орын  алған  урбанизация процесі де ауыл халқының қалаға көшіп келуін көбейтті. Казинформ агенттігінің  мәліметіне сәйкес, Қазақстанда урбанизация мөлшері 60 пайызға  жетті, яғни қазақ тілінде сөйлейтін ауыл халқының көпшілігі  қала халқына айналды. Жоғарыда айтып  өткен оралмандар мен ауыл қазақтары  Алматы қаласында да  көптеп  қоныстануда, әсіресе  Алатау, Наурызбай, Әуезов аудандарында олардың саны  күннен-күнге артуда.

            Міне осы тұрғындар әкімшілік, қылмыстық, не болмаса мүліктік жауапкершілікке  тартылғанда жоғарыда көрсетілген заң талабы қатаң түрде сақталуы қажет. Яғни, олар бойынша қозғалатын әкімшілік, қылмыстық, азаматтық істер міндетті түрде  қазақ тілінде жүргізілуі тиісті.

            Қазіргі кезде қазақ тілін  жетік меңгерген тергеушілер, анықтаушылар, прокурорлар және судьялар  жеткілікті. Барлық ішкі істер басқармасында,  соттарда істі қазақ тілінде жүргізуге толық жағдай жасалған.

            Соған қарамастан азаматтардың өз тілінде, яғни қазақ тілінде қорғану мүмкіншілігін  шектеу әлі күнге дейін орын алып отыр. Бұл жағдай әсіресе, көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар,  меншікке қарсы қылмыстық ісін тергеу кезінде жол  беріледі. Орыс тілін білмейтін  азаматтар қатысқан  жол – көлік апаты кезінде, оқиға болған жерді қарау хаттамасы, жол  сызбалары,түсініктемелер орыс тілінде толтырылады, тіпті сот сараптама қорытындылары да орыс  тілінде  жасалады. Орыс  тілін  білмейтін, не болмаса жетік білмейтін  қазақ азаматынан істі орыс тілінде жүргізу жөнінде өтініш  алынады.

            Ал, негізінде, ҚР ҚПК-нің 30 бабына сәйкес, Қазақстанда қылмыстық сот ісін жүргізу    қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми орыс тілі, ал қажет болған  кезде басқа тілдер де қолданылады.

            Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін  жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы  шығарады.

            Бұл заң талабы бойынша кез-келген қылмыстық іс қазақ тілінде  басталуы керек, ал   істі орыс  тілінде  қозғап, кейін қазақ тіліне ауыстыру заңға қайшы.

            Сонымен қатар, күдікті, айыпталушы, сотталушы  орыс тілін түсінуі, аздап  сөйлеуі мүмкін, бірақ жетік білмейді, өйткені қазақша мектеп бітірген. Бірақ соған  қарамастан іс орысша жүргізіледі. Ал, аталған баптың 3 тармағында көрсетілгендей, іс бойынша іс  жүргізілетін тілді  білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын  адамдарға  ана тілінде сөйлеу, түсініктемелер,  айғақтар беру құқы беріледі.

            Міне сондықтан сотта  қылмыстық істі қарағанда судьялар бірінші  кезекте іс жүргізу тілі жөніндегі заңдылыктың қатаң  сақталуын қамтамасыз ету керек.

            ҚР ҚПК-нің 320 бабына сәйкес, судья сот  отырысын тағайындау мүмкіндігі туралы мәселені шешу  кезінде сотталушылардың әрқайсысына қатысты мән-жайларды, соның ішінде сотқа  дейінгі тергеп-тексеру, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру жүргізу, процесстік  келісім жасау,  медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім  жасасу кезінде сот  отырысын тағайындауға кедергі келтіретін  қылмыстық- процесстік заңды бұзуға жол берілген-берілмегенін анықтауға тиіс.

            Ал іс жүргізу тілі жөніндегі заңдылық бұзылған жағдайда, судья ҚР ҚПК-нің 323 бабына сәйкес, осы заңсыздықты жою үшін істі  прокурорға қайтаруға міндетті.

            Ал, кейбір кездерде судьялар осы заң талаптарын өрескел бұзып, іс жүргізу  тілінің  бұзылғандығын заңсыздыққа жатқызбайды, бұл заң бұзушылықты сот  тергеуі  кезінде  жөндеуге болады деп есептейді, меніңше бұл дұрыс емес.

            Мысалы, жол-көлік оқиғасы болған жерді қарау хаттамасы,  сызбалары орысша толтырылғаннан кейін, орыс тілін білмейтін, жетік білмейтін адам оған ескертпе жасай алмайды,  толық түсінбей қол қоя салады. Осы  хаттама,  сызба негізінде орыс тілінде сот сараптамасы  жүргізіледі. Бұл сараптамаға да орыс тілін білмейтін, жетік білмейтін адам  өз ойын айта алмайды, яғни ҚР ҚПК-нің 274 бабына көрсетілген сараптама тағайындау және  жүргізу кезіндегі құқықтарын пайдалана алмайды. Осылардың барлығы қылмыстық істі сотта жан-жақты, толық және  объективті зертеуге мумкіншілік бермейды. Сондықтан ҚР ҚПК-нің 30 бабының талабын бұзу істі сотта  қарауға кедергі болуы тиіс, бұл заңсыздықты жою үшін, іс прокурорға қайта жолдануы тиісті. Бұл мәселеге басты назар  аударып  отырған  себебім, аудандық деңгейдегі судьялар істі  прокурорға осы себеппен қайтарсақ, апелляциялық сатыда қаулымызды бұзады, себебі олар бұл кемшілікті сот тергеуі кезінде жоюға болады деп есептейді дейді. Меніңше бұл дұрыс емес.

            ҚР ҚПК-нің 30 бабында көрсетілген заң талаптарын сақтамағандықтан  қазақ тілді жәбірленушілердің де құқығы өрескел бұзылып  жататын жағдайлар  кездеседі.

            Мысалы, жәбірленуші қылмыстық істі қозғау туралы арызды қазақ тілінде жазады, себебі орыс тілін толық білмейді, не болмаса жетік білмейді. Күдікті қазақ,  бірақ істі орыс тілінде  жүргізуді талап  етеді, әрине оның талабы орындалады. Осы кезден бастап қазақ тілді жәбірленуші үшін орыс  тілінде  жазылған материалдар қазақ тіліне түгел аударылып берілуі керек. Көп жағдайда тергеушілер, айыптаушылар бұл заң талабын орындамайды, сондықтан жәбірленушілер уақытында ұсыныстар, шағымдар  келтіре алмайды.

            ҚР ҚПК-нің 289 бабына сәйкес, сотқа дейінгі  тергеп-тексеруді тоқтату негіздері туралы, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық талапкер, оның өкілі, азаматтық талапкер, оның өкілі, сондай-ақ өздерінің  арыздары бойынша сотқа  дейінгі тергеп-тексеру  басталған адам немесе ұйым жазбаша  хабардар етіледі. Оларға істің материалдарымен танысу құқығы және тоқтату туралы қаулыға  шағым жасау тәртібі түсіндіріледі. Осы тұлғалардан келіп түскен өтініш  бойынша оларға сотқа дейінгі  тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулының көшірмесі  беріледі.

            Кейбір  жағдайда жәбірленушіге қылмыстық іс бойынша кейбір күдіктілерге қылмыстық істің тоқтатылғаны  жөнінде хабарлама жіберілмейді, тоқтату туралы қаулы берілмейді, нәтижесінде жәбірленушінің бұл қаулыға шағым келтіру құқығы өрескел  бұзылады. Сондықтан, сот  қылмыстық істі ҚР ҚПК-нің 320 бабына сәйкес, сот отырысын тағайындау мүмкіндігі туралы мәселені шешкенде  жәбірленушіге іс құжаттары қазақ тіліне аударылып, таныстырылды ма?, алынған қаулы, сот сараптамалары қазақ тіліне  аударылып берілді ме?, кейбір күдіктілерге қылмыстық істі тоқтату қаулылары жәбірленушіге қазақ тіліне аударылып табыс  етілді ме?- осы жағдайлар жете тексерілуі керек. Егер бұл талап орындалмаса ҚР ҚПК-нің 323 бабына сәйкес,  заңсыздықтарды жою үшін қылмыстық іс прокурорға кері қайтарылуы тиіс.

             Қазақстан Республикасында барлық ұлттарға бірдей даму мүмкіндігі  жасалған. Қазақ тілінің  қылмыстық, әкімшілік,  азаматтық іс  жүргізу кезінде қолданылуының аясын кеңейту және  сапасын  жақсарту басқа ұлттардың құқын  бұзбайды. Сондықтан  сотқа  қатысушы  жақтар қазақ және орыс тілді  болған істерді екі тілді жетік меңгерген  судьяларға қарауға беру, ҚР ҚПК-нің 24 бабының талабын толық орындауға негіз болар еді. Себебі, әлі күнге дейін аудармашылардың  сапалық деңгейі  жақсартуды талап етеді. Көп жағдайда қылмыстық істерді бұрынғы тергеушілер, анықтаушылар орыс тілінен қазақ тіліне аударады. Кейбір жағдайларда толық аудармайды, сапасыз аударады, ал қазақ тілін білмейтін судья тек орысша аудармасын  ғана оқиды. Сот  тергеуі  кезінде қазақ тілін білмейтін, не болмаса жетік білмейтін судья  сотталушы, жәбірленуші, куәлердің қазақ тілінде берген жауаптарын аудармашы аударып  берген мағынасында ғана қабылдайды. Ал, сотқа қатысып отырған біздер, кейбір аудармашының дұрыс аудармай отырғанын  білсек те,  оған ешбір  түзету енгізе алмаймыз. Сондықтан  қазақ тілін жетік білмейтін судья мән-жайды толық түсіне алмайды, кейбір кездері заңсыз шешім алып жібереді. Сондықтан  қазақ тілін жетік білмейтін судьялар қазақ тілі аралас  істерді қараудан өздері бас тартуы керек, ал олай  болмаған  жағдайда  оның қазақ тілін жетік білмеуі, бұл судьяға сенімсіздік білдіруге негіз болуы тиіс.

            Қылмыстық іс жүргізу тіліндегі заңдылықты сақтау қылмыстық процестің негізгі қағидатына жатады.

            Ал ҚР ҚПК-нің  9 бабының 2 тармағына сәйкес, қылмыстық процесстің қағидаттарын бұзу оның  оипаты мен елеулі болуына қарай процесстік әрекетті немесе  шешімді заңсыз деп тануға, осындай іс жүргізу барысында шығарылған шешімдердің күшін жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдемелік күші жоқ деп немесе іс бойынша болып өткен іс  жүргізуді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.

  

Байжанов Ш.Ш.

23.02.2018ж.

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.