Алматы қаласы Әділет департаменті өкілдерімен кездесу
2025 жылғы 16 маусымда Алматы қалалық адвокаттар алқасының президиумында Алматы қаласының Әділет департаментінің басшысы Кесебаева Балаим Туғанбайқызының, Халыққа құқықтық түсіндіру жұмысы және заң көмегін көрсету бөлімінің басшысы Бақтымбетова Айгүл Әбілдақызының, сондай-ақ АҚАА президиумы мүшелерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесудің күн тәртібіндегі негізгі мәселе — 2024 және 2025 жылдардағы мемлекет кепілдік берген заң көмегі (МКЗК) аясында адвокаттар еңбегінің уақтылы төленбеуі болды.
Әділет департаментінің мәліметінше, 2025 жылға арналған 005 бюджеттік бағдарламасы бойынша 486,1 млн теңге бөлінген, оның ішінде:
• 366,1 млн теңге — 2025 жылға арналған орындалған жұмыстар актілерін төлеуге;
• 120 млн теңге — 2024 жылғы берешекті өтеуге.
Маусым айының соңындағы жағдай бойынша 276,2 млн теңге игерілген, оның ішінде:
• 2024 жыл үшін — 197,2 млн теңге төленген;
• 2025 жыл үшін — 79 млн теңге төленген.
Әлі де өтелмеген:
• 2024 жыл үшін — 61 млн теңге;
• 2025 жыл үшін — 57 млн теңге.
Төлемдердің кешіктірілу себебі — 2025 жылғы наурыздан бастап республикалық бюджетте қаражаттың жетіспеуіне байланысты Әділет департаментінің қазынашылық шоттарының мерзімді түрде жабылып қалуы. Бұл ретте еңбекақы ретінде жіктелетін төлемдерге басымдық беріледі, ал адвокаттардың еңбекақысы еңбекақы ретінде танылмайды.
Осыған байланысты ҚР Әділет министрлігі ҚР Қаржы министрлігіне адвокаттардың МКЗК аясындағы еңбекақысын еңбекақы ретінде есептеу қажеттігі жөнінде түсіндірме хат жолдады. Демек, бұл төлемдер басымдықпен жүргізілуі тиіс.
Сондай-ақ 2024 жыл мен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына қатысты барлық төлем қаулылары 1С жүйесіне енгізілген. Қазынашылық шоттар ашылғаннан кейін алдымен 2024 жылғы берешектер, одан кейін 2025 жылғы берешектер өтелетін болады.

Кездесу барысында адвокаттардың еңбекақысын төлеудің қолданыстағы тәртібіне өзгерістер енгізу қажеттігі де көтерілді. Ұсынылған жаңалықтар қатарында — құқықтық кеңес беру мерзімдерін оңтайландыру, төлемге өтініш беру мерзімін бір аймен шектеу, сондай-ақ орындалған жұмыстар актісіне растаушы құжаттарды қоса беруді міндеттеу бар. Әділет департаментінің өкілдері жобаның уәкілетті органмен бекітілгенге дейін адвокаттар қауымдастығына талқылауға жіберілетінін жеткізді.
Жоба «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 25 шілдеге дейін көпшілік талқылауға орналастырылған.
АҚАА президиумы МКЗК көрсететін адвокаттардың құқықтарын қорғау бағытында жағдайды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдай береді.